Сауалнама – нәтиже мен өзгерісті анықтайтын құрал

Кәсіптік бағдар беру барысында жүргізілетін социологиялық сауалнаманың өзіндік маңызы бар. Кіріспе сауалнама арқылы оқушылардың бастапқы көзқарасы мен қажеттілігі анықталса, қорытынды сауалнама олардың жоба барысында алған білімі мен өзгерген көзқарасын бағалауға мүмкіндік береді.

Мысалы, жобаға дейін оқушы белгілі бір мамандықты тек ата-анасының кеңесімен таңдауды ойлауы мүмкін. Ал кәсіби бағдарлау жұмыстарынан кейін өзінің қабілеті мен қызығушылығын ескерудің маңызын түсінуі ықтимал. Осы арқылы жоба оқушыға дайын шешім ұсынбай, оның өз шешімін саналы түрде қабылдауына ықпал етеді.

Жанашырлықтан басталған жауапкершілік!

«Сенімен Болашақ» РҚБ-нің негізгі миссиясы – азаматтық жауапкершілікті арттыру, азаматтық қоғам белсенділерінің бастамаларын қолдау, қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту және азаматтық сананы дамыту. Кәсіптік бағдар беру де осы миссиямен тығыз байланысты.

Өйткені өз мамандығын дұрыс таңдаған, білімін ел игілігіне жұмсауға дайын жас – қоғамның дамуына үлес қосатын азамат. Осы тұрғыдан алғанда «Жанашыр» болу – жас ұрпақтың болашағына бейжай қарамау.

Оқушыға дұрыс ақпарат беру, оның қабілетін ашуға көмектесу, болашақ мамандығын таңдауда қолдау көрсету – қоғамның әр мүшесінің ортақ жауапкершілігі. Павлодар облысындағы мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмыстары – жастардың болашағына бағытталған маңызды бастама.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, ал ертеңгі маман – елдің дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан әр баланың «Мамандығым – мақтанышым» деп өз таңдауына сеніммен қарауы – тек жеке жетістік емес, ел болашағына жасалған маңызды қадам.