Азаматтық жауапкершілікті арттыру, азаматтық қоғам белсенділерінің бастамаларын қолдау, қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту және азаматтық сананы дамыту – «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның негізгі бағыттарының бірі.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында жергілікті атқарушы органдармен, білім беру ұйымдарымен және қоғам белсенділерімен өзара ынтымақтастық орнатудың маңызы зор.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «Сенімен Болашақ» РҚБ Павлодар облыстық филиалы мен Баянауыл ауданының білім бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұл серіктестіктің негізі 2022 жылдың наурыз айында Хызыр Жанарыс мырза мен бірлестік жанашырларының бастамасымен қаланған болатын. Содан бері бес жылға жуық уақыт ішінде тараптар бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікті арттыру, жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру және қоғамдағы өзара жауапкершілік мәдениетін дамыту бағыттарында бірлескен жұмыстар атқарып келеді.
Ынтымақтастықтың бес жылдығына орай Майқайың кентіндегі Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебі, №2 мектеп және ауданның басқа да білім беру ұйымдарының қатысуымен «Бірге жарқын болашаққа» атты форум ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – жылдар бойы қалыптасқан өзара серіктестіктің нәтижесін саралау, білім беру саласы мен азаматтық қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылын нығайту және жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсету.
Шара барысында қатысушылар адами құндылықтар, азаматтық сананы арттыру, бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің рөлі, қоғамдағы жауапкершілік және жас ұрпақтың болашағына жасалатын нақты қадамдар туралы ой бөлісті.
Білім беру ұйымдары мен қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы арқылы балаға қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Бес жылдық серіктестік – белгілі бір уақыт аралығындағы атқарылған жұмыстардың ғана емес, ең бастысы, ортақ мақсат жолында қалыптасқан сенім, өзара жауапкершілік пен жанашырлықтың көрсеткіші. Мұндай ынтымақтастықтың берері мол. Себебі сапалы білім мен саналы тәрбие тек мектептің немесе ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Форумның өтуіне қолдау көрсетіп, ұйымдастыруға атсалысқан Баянауыл ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ұжымына, №2 мектеп ұжымына, форумға қатысқан ата-аналарға, ұстаздар мен барша жанашырларға алғыс білдіреміз.
Сонымен қатар шараның өтуіне ұйытқы болған бірлестік жанашырлары Еркеғали Жанғазы мен Хызыр Жанарысқа, сондай-ақ қолдау көрсеткен Бақыстар Жанғозин мен Арай Рахимжановаға ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Бір мақсат, бір жауапкершілік, бір бағыт – жарқын болашаққа бірге қадам басу. Бүгінгі бес жылдық ынтымақтастық – ертеңгі үлкен бастамалардың берік негізі. Өйткені қоғамның саналы өзгерісі әр адамның жауапкершілігінен басталады.
Бірге жарқын болашаққа!