Тәрбиелі қыз – саналы ұрпақтың бастауы «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының ұйымдастыруымен «Тәрбиелі қыз – саналы ұрпақтың бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – цифрлық дәуір жағдайында қыз балалардың ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерін дамыту мәселелерін талқылау. Жиынға «Бабалар аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ардагер ұстаздар, аналар, педагогтер және жастар қатысты. Іс-шараны филиал басшысы Меруерт Мәулетқызы ашып, қыз тәрбиесінің қоғам үшін маңызын атап өтті. «Бабалар аманаты» ҚБ Іле аудандық филиалының төрайымы Кәмила Сапархайыр қыз тәрбиесі – ұлт болашағын айқындайтын басты құндылықтардың бірі екенін айтып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудің маңызын жеткізді. Ардагер ұстаз, профессор Баян Ахметова қыз баланың тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция екенін атап өтіп, қазақ қоғамындағы қыздың орны мен ананың тәрбиелік рөліне тоқталды. Сонымен қатар Нахан Жұмекеева, Халипа Маханова, Тамара Төлегенова, Раушан Қожақанқызы, Зариға Молдекеева, Күләнипа Әбілдақызы өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға тағылымды кеңестер берді. Физиолог, биолог, нутрициолог, бірлестік әрі эксперті, әрі жанашыры Еркежан Маратқызы дұрыс тамақтану мәдениеті мен салауатты өмір салтының адамның денсаулығы мен сыртқы келбетіне әсері туралы мазмұнды ақпарат ұсынды. №13 М.Мақатаев атындағы мектептің мұғалімі Әсел Серікқызы жаңа оқу жылында осы бағыттағы тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Жастар да өз пікірлерімен бөлісіп, көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Іс-шара соңында қатысушыларға шолпы мен шашбау тағудың ұлттық мәні мен денсаулыққа пайдасы таныстырылып, шеберлік сабағы өткізілді.