2026 жылдың 29 қыркүйегінде «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалында Бірлестік Жанашырларымен кездесу өтті.
Жүздесу барысында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар мен бірлескен бастамалар талқыланып, қоғамға пайдалы жобаларды бірлесе атқарудың бағыттары сөз болды.
Кездесудің мазмұнды бөлігі – «Жүсіпбек айлығы» аясында ұйымдастырылған ақпараттық лекция болды. Филиал басшысы, психолог Света Сәтбайқызы Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылық мұрасын арқау еткен «Ұлттық рух, көркем сөз және тұлға феномені» тақырыбында ақпарат берді.
Лекция барысында қазақтың көрнекті қаламгері, ағартушысы, ғалымы Жүсіпбек Аймауытовтың ұлттық ой-санаға қосқан үлесі, көркем сөздің тәрбиелік мәні мен тұлға мұрасының бүгінгі қоғам үшін өзектілігіне тоқталды.
Тұлғаның еңбектерін зерделеу арқылы адами құндылықтарды дәріптеу, азаматтық сана мен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы айқындалды.
Жанашырлармен өткен кездесудің негізгі мәні – ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп, қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру. Мұндай басқосулар өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, әр Жанашырдың қоғамдық іске белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Бір мақсатқа ұйысқан Жанашырлар алдағы уақытта да ел игілігіне бағытталған жұмыстарды бірлесе атқарып, азаматтық жауапкершілік пен сананы қалыптастыруға өз үлестерін қоса бермек.