«Жас қанат» жасөспірімдер үйінде «Жас жолдас — Sport Time» жобасы аясында «Жас қанат» және «Жас дәурен» жасөспірімдер үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектері арасында футбол және үстел теннисінен спорттық турнир өтті.
Турнирдің негізгі мақсаты – жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар жарыс жастардың белсенділігін арттырып, командалық рух пен өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.
Турнирдің ашылу салтанатына «Сенімен Болашақ» РҚБ өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы Хызыр Жанарыс және Бірлестіктің Павлодар облыстық филиалының жанашырлары Жангозин Бақұстар мен Ержанов Мұрат қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыста жоғары нәтижелер көрсетуге жігерлендірді.
Жарыс барысында қатысушылар футбол мен үстел теннисінен өзара бақ сынап, спорттық шеберліктерін көрсетті. Әр ойын тартысты өтіп, қатысушылар өздерінің ептілігін, төзімділігін және командалық ойын қабілетін танытты. Спорттық бәсекелестік жастарды бірлікке шақырып, өзара қолдау мен достық атмосферасын қалыптастырды.
Турнирден кейін филиал жанашырлары мен ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға дастархан жайылып, жылы көңіл бөлінді. Бұл жастарға қолдау көрсетіп, олардың әрбір жетістігіне мән берудің маңызды көрінісіне айналды.
Осындай спорттық жобалар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ғана емес, олардың ортаға бейімделуіне, өз қабілеттерін дамытуына және өзара сыйластық пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
«Жас жолдас — Sport Time» жобасы спортты жастарды біріктіретін ортаға айналдырып, белсенді өмір салты мен өзара қолдаудың маңызын насихаттауға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.