«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ағартушылық бағыты аясында қыркүйек айында ұйымдастырылған «Жүсіпбек айлығы» өз мәресіне жетті.
«Өзіңді тап, өзегіңе орал» тұжырымдамасына негізделген бір айлық ағартушылық бастама Алаш арысы, көрнекті жазушы, педагог әрі психолог Жүсіпбек Аймауытовтың рухани, әдеби және ғылыми-психологиялық мұрасын кеңінен насихаттауға, оның идеяларын бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі мен тұлғалық дамуымен сабақтастыруға бағытталды.
Бір ай – біртұтас ағартушылық кеңістік
«Жүсіпбек айлығы» аясында Бірлестіктің орталық аппараты мен өңірлік филиалдары еліміздің әр өңірінде білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде, музейлерде, кітапханаларда және оқырман клубтарында түрлі форматтағы ағартушылық кездесулер өткізді.
Іс-шаралар барысында Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық және ғылыми мұрасы талқыланып, оның ұлттық рух, тұлға қалыптастыру, психология, бала тәрбиесі, мінез және адам болмысы туралы ойлары қазіргі қоғамның өзекті мәселелерімен байланыстырылды.
Айлықтың мазмұндық өзегін үш негізгі тақырып құрады:
- «Жүсіпбек Аймауытов: ұлттық рух, көркем сөз және тұлға феномені»;
- «Жүсіпбек психологиясы: эксцентриктік, логика және түпсана сыры»;
- «Ұрпақ тәрбиесінің алтын кілті: Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» ілімі».
Осы бағыттар аясында дәрістер, кітап талқылаулары, дөңгелек үстелдер, танымдық кездесулер мен арнайы талдау алаңдары ұйымдастырылды.
Өңірлік ағартушылық жұмыс
Қыркүйек айындағы өңірлік іс-шаралардың өзінде 1 100-ден астам адам тікелей қамтылды.
Ағартушылық кездесулерге мектеп оқушылары мен ұстаздар, студенттер, әскери қызметшілер, сала мамандары, оқырмандар мен жастар қатысты.
Қатысушылар Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология», «Тәрбиеге жетекші», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» сынды еңбектері мен шығармаларына талдау жасап, автор көтерген мәселелерді бүгінгі тәрбие, білім және тұлғалық даму мәселелерімен сабақтастырды.
Осылайша, «Жүсіпбек айлығы» әртүрлі аудиторияны қамтыған республикалық ағартушылық диалог алаңына айналды.
Цифрлық кеңістіктегі ағартушылық жалғасты
Айлықтың маңызды бөлігі әлеуметтік желілердегі ақпараттық-ағартушылық жұмыстарға арналды.
Төрт апта ішінде Бірлестіктің негізгі әлеуметтік желілерінде 12 арнайы аналитикалық жарияланым, ал өңірлік филиалдардың парақшаларында 52-ден астам ақпараттық және бейнематериал жарық көрді.
Осылайша, бір ай ішінде Жүсіпбек Аймауытовтың мұрасын насихаттауға бағытталған 64-тен астам арнайы цифрлық контент әзірленіп, жарияланды.
Контенттерде жазушының әдеби мұрасы ғана емес, ұлттық психология, бала тәрбиесі, тұлғалық даму, сыни ойлау, ұлттық сана және адам болмысы секілді тақырыптар кеңінен қозғалды.
Дәстүрлі дәріс пен кітап талқылауларын цифрлық контентпен ұштастыру арқылы Жүсіпбек Аймауытовтың ағартушылық идеяларын кең аудиторияға жеткізудің заманауи форматы қалыптасты.
Мұрадан – бүгінге бағдар
Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» еңбектері – ұлттың білім алуына ғана емес, адамның өзін тануына, мінезін қалыптастыруына және саналы тұлға болып қалыптасуына бағытталған құнды мұра.
Оның тәрбие, психология, адам болмысы мен ұлттық сана туралы ойлары бүгінгі ата-ана, ұстаз және жас ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Жүсіпбек айлығы» арқылы біз ұлы тұлғаның мұрасын танып қана қоймай, оның идеяларын қазіргі қоғамның тәрбиелік және ағартушылық міндеттерімен байланыстыруға мүмкіндік алдық.
«Өзіңді тап, өзегіңе орал» – айлықтың атауы ғана емес, адамның өз болмысын тануына, ұлттық құндылықпен сабақтасуына және саналы тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған ағартушылық ұстаным.
Ағартушылық марафон жалғасады
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ағартушылық бағыты аясындағы бұл бастама қыркүйекпен аяқталмайды.
«Жүсіпбек айлығы» – қазан айында «Ахмет айлығына» ұласады.
Алаш мұрасын тану, ұлттық сананы нығайту және болашақ ұрпақтың тұлғалық дамуына үлес қосу жолындағы ағартушылық жұмысымыз жалғаса береді.
Ағартушылық жол – ұрпаққа аманат, болашаққа бағыт.