📞 +7 702 953 20 20 ✉ info@senimenbolashaq.kz 📍 Астана қ., Қонаев көш., 2 Көмек алу

«Балалардың инклюзивті ортада әлеуметтенуі: ата-аналардың ролі»

10.08.2026

«Балалардың инклюзивті ортада әлеуметтенуі: ата-аналардың ролі»

«Балалардың инклюзивті ортада әлеуметтенуі: ата-аналардың ролі»
Қазіргі таңда инклюзивті қоғам қалыптастыру – білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамға толыққанды араласуы мен әлеуметтенуінде ата-ананың рөлі ерекше маңызды.
Бала дүниеге келгенде адамдарды ерекшелігіне, денсаулық жағдайына немесе мүмкіндігіне қарай бөліп-жармайды. Оның өзгелерге деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-ананың айтқан әрбір сөзі, көрсеткен әрбір әрекеті баланың өмірлік ұстанымына айналады. Егер отбасы мүшелері айналасындағы адамдарға құрметпен қарап, өзгешелікті табиғи құбылыс ретінде қабылдаса, бала да осындай құндылықтарды бойына сіңіреді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар – белгілі бір денсаулық немесе даму ерекшеліктеріне байланысты қосымша педагогикалық және психологиялық қолдауды қажет ететін балалар. Олар да барлық бала сияқты білім алуға, достасуға, ойнауға, армандауға, өз қабілеттерін дамытуға және қоғамның белсенді мүшесі болуға құқылы.
Өкінішке қарай, қоғамда мұндай балаларға қатысты түрлі стереотиптер әлі де кездеседі. Кейбір ата-аналар балаларына байқамай «Онымен ойнама», «Жақындама», «Саған кедергі болады» деген сияқты пікірлер айтуы мүмкін. Мұндай көзқарас ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқшаулануына ғана емес, өз балаларымыздың бойында жанашырлық, эмпатия және өзгелерді құрметтеу сияқты маңызды қасиеттердің қалыптасуына да кері әсер етеді.
Керісінше, инклюзивті ортада тәрбиеленген балалардың әлеуметтік дағдылары жақсы дамитыны, олар өзгелердің сезімін түсінуге бейім болатыны, өзара ынтымақтастық орнатуды және түрлі ортада тиімді қарым-қатынас жасауды жеңіл меңгеретіні ғылыми зерттеулерде көрсетілген. Мұндай орта балалардың жауапкершілігін, төзімділігін және азаматтық мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін жетілдіру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Алайда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру тек білім беру ұйымдарының жұмысына ғана байланысты емес. Оның табысты болуы ата-аналардың дұрыс көзқарасына, отбасы тәрбиесіне және қоғамның қолдауына тікелей тәуелді.
Әрбір ата-ана баласына өзгелерді құрметтеуді, көмек қажет болған жағдайда қолдау көрсетуді, ерекшелікті кемшілік емес, адам бойындағы табиғи айырмашылық ретінде қабылдауды үйретуі қажет. Осындай тәрбиемен өскен ұрпақ болашақта әділетті, қауіпсіз, мейірімді әрі бір-біріне жанашыр қоғамның қалыптасуына үлес қосады.
Инклюзивті қоғам заңдар мен бағдарламалар арқылы ғана құрылмайды. Ол әрбір отбасының тәрбиесінен, әрбір ата-ананың көзқарасынан және әрбір баланың бойына сіңірілген адамгершілік құндылықтардан басталады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше қарым-қатынас емес, ең алдымен тең мүмкіндік, құрмет және қоғамның қолдауы қажет. Ал сол мүмкіндіктің берік негізі – саналы ата-ана тәрбиесі.

← Барлық мақалалар