Балалық эгоцентризм: бұл не және ата-ана не істеуі керек?
10.08.2026
Балалық эгоцентризм: бұл не және ата-ана не істеуі керек?
Балалық эгоцентризм – баланың психикалық дамуының табиғи ерекшелігі. Бұл кезеңде балаға өзге адамдардың өзіне тән ойы, сезімі, қалауы және көзқарасы болуы мүмкін екенін түсіну қиынға соғады. Ерте жастағы бала қоршаған ортаны өз тәжірибесі арқылы қабылдайтындықтан, айналасындағылар да дәл өзі сияқты көріп, сезінеді деп ойлайды. Бұл – эгоизмнің немесе тәрбиенің кемшілігінің белгісі емес, баланың қалыпты даму, есею кезеңдерінің бірі.
Балалық эгоцентризм мен эгоизмнің бір ұғым емес екенін түсіну маңызды. Бұл екі түсінікті жиі шатастырып жатады. Эгоизм – айналасындағылардың да өз сезімі мен қажеттіліктері бар екенін біле тұра, өз мүддесін саналы түрде өзгелердің мүддесінен жоғары қою. Ал эгоцентризм – баланың жас ерекшелігіне байланысты даму үдерісі. Бұл кезеңде бала басқа адамның көзқарасымен жағдайды толық бағалай алмайды. Яғни, ол біреуді әдейі ренжітуді мақсат етпейді, тек өзге адамның өзін өзгеше сезініп, ойлай алатынын әлі толық түсіне бермейді.
Балалық эгоцентризм көбіне мектепке дейінгі жаста айқын байқалады. Мұндай кезде бала ойыншығын өзгемен бөліскісі келмеуі, өз қалауының бірден орындалуын талап етуі немесе оқиғалар өзі күткендей өрбімесе, ренжуі мүмкін. Сондай-ақ, оған өз кезегін күту, басқа балалардың қызығушылықтарын ескеру және олардың әрекеттерінің себептерін түсіну қиын болады.
Уақыт өте келе баланың ойлау қабілеті, сөйлеу дағдылары және әлеуметтік құзыреттері дамыған сайын, ол айналасындағы адамдардың сезімдерін жақсырақ түсіне бастайды. Осылайша біртіндеп эмпатия (өзгенің көңіл-күйі мен сезімін түсініп, оған жанашырлық таныта білу) қалыптасып, бала өзгелердің пікірін ескеруге және әлеуметтік қарым-қатынаста өзін дұрыс ұстауға үйренеді.
Кейде ата-ана баланың мұндай мінез-құлқын еркелік немесе шектен тыс еркелетудің салдары деп қабылдап, оны «эгоист» деп кінәлауы мүмкін. Алайда мұндай көзқарас баланың эмпатиясының дамуына ықпал етпейді. Керісінше, оның өзін-өзі бағалауына кері әсер етіп, кінә сезімінің қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан өзгелердің мүддесін ескеруге үйрету – уақытты, шыдамдылықты және ересектердің қолдауын қажет ететін, біртіндеп қалыптасатын үдеріс екенін есте ұстаған жөн.
Ата-ана не істей алады? Ең алдымен, айналасындағыларға құрметпен қараудың жеке үлгісін көрсетуі маңызды. Балалар көбіне айтылған сөзден гөрі, ересектердің іс-әрекетін бақылау арқылы үйренеді.
Сондай-ақ, баламен өзге адамдардың сезімдері туралы жиі әңгімелесу пайдалы. Мысалы, мынадай сұрақтар қоюға болады:
«Сенің ойыңша, қазір ана бала өзін қалай сезініп тұр?»
«Анаңның не себепті көңіл күйі жоқ?»
Осындай сұрақтар баланың жағдайға әр қырынан қарау қабілетін дамытып, өзгенің сезімін түсіне білуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, баланы құрдастарымен қарым-қатынаста келісімге келуге, өз кезегін күтуге және ортақ шешім табуға үйрету маңызды. Бұған бірлескен ойындар, кітап оқу және шығармалардағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен сезімдерін бірге талқылау жақсы көмектеседі. Мұндай талқылаулар әр кейіпкердің эмоциясы мен әрекетінің себебін түсінуге мүмкіндік береді.
Баламен қарым-қатынаста «Сен өзімшілсің», «Сен тек өзіңді ғана ойлайсың» деген айыптаушы немесе таңба тағатын сөздерді қолданудан аулақ болған жөн. Оның орнына нақты жағдайды сипаттап сөйлескен әлдеқайда тиімді. Мысалы: «Сенің қазір жалғыз өзіңнің ойнағың келетінін түсінемін. Бірақ бауырыңның да осы ойыншықпен ойнағысы келеді. Екеуіңе де қолайлы шешім табу үшін бірге ойланып көрейік».
Қорыта айтқанда, балалық эгоцентризм – мәселе немесе мінез кемшілігі емес, тұлғалық дамудың табиғи кезеңі. Ата-ананың сабырлы көзқарасы, эмоционалдық қолдауы және қарым-қатынас дағдыларын жүйелі түрде үйретуі баланың уақыт өте келе өзгелердің сезімін түсіне білуіне, жанашырлық танытуына және адамдармен салауатты қарым-қатынас орната алуына ықпал етеді.
Дәл осындай күнделікті үлгі мен қолдаудың арқасында баланың бойында эмпатия, өзгеге құрмет және өз қажеттілігімен қатар, өзгенің де қажеттілігін ескере білу қабілеті біртіндеп қалыптасады.