#Астана
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІ ҚАЙТА БАСЫЛЫП ШЫҚТЫ

Бүгін 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алаш зиялыларының еңбектері 3 мың данамен басылып шығып, оқырман қауымға жол тартты.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» еңбектерін «Асыл мұра» сериясы бойынша жаңа нұсқада қайта жарыққа шығарды. «Ұрпақ тәрбиесі: өткені мен бүгіні» атты дөңгелек үстелінің аясында кітаптардың тұсаукесері болды.

Шараға қатысқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Алаштанушылар, журналистер бүгінде іздеп жүріп табатын бұл кітаптардың таралым санының артып жатқанына қуанышты екендерін жеткізді. Алаштанушылар үш кітап та бала тәрбиесінде өте қажетті екеніне тоқталып, әсіресе мектептегі ұстаздарды қамту керектігін айтты. Зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, елімізегі ұстаздар Алаш зиялыларының ұстанымы негізінде білім беретін деңгейге жетуі қажет.

Бірлестіктің миссиясы Алаш арыстарының мұраларымен үйлескендіктен, бірлестік асыл сөздерге тұнған еңбектер арқылы оқырман қауымның рухын шыңдауды мақсат етеді. Халықтың сан ғасырлық асыл мұралары – саналы ұрпақ, саналы отбасы, саналы қоғам қалыптастырудың шамшырағы деп сенеді.

28.05.2022
#Астана
АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІ ҚАЙТА БАСЫЛЫП ШЫҚТЫ