Маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда алғаш рет «Әкелер күні» аталып өтіледі. Биыл 18 маусымға тура келген бұл күн - отбасы институтын нығайтуға, әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық татулықтың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етуді мақсат тұтқан.
Бірлестіктің Алматы филиалы бұл күнді атаусыз қалдырған жоқ. «Әкелер күні» қарсаңында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап белгіленген еліміздің шекарасында қызмет етіп жүрген сардарлармен, сарбаздармен кездесіп қайтты. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы және Жетісу облысы бойынша департаментіне барып, өз қызметтерін мінсіз атқарып жүрген әскери қызметшілермен семинар өткізді.
Бар өмірлерін әскери қызметке арнаған жандар еліне қорған болғанымен отбасына, бала-шағасына жеткілікті көңіл бөлу жағы кемшін болып жататыны рас. «Застава тарландары» РҚБ өкілдерімен бірлесе өткізілген іс-шарада бірлестік өкілдері бала өміріндегі әкенің рөлі мен беделіне тоқталды.
«Күні бойы шаршауды бір шетке ырысып қойып балаға сапалы уақыт бөле білу баланың кейінгі өміріне пайдасын тигізеді. Қажетті киім-кешегін алып беріп, материалдық жағдайын жасап отыру деген түсінік баланың өмірлік құндылығын толтырмайды. Керісінше әкенің мейіріміне, махаббатына қанып өскен бала болашақта парасатты, саналы азамат болып, қуантады», - деген спикерлер осы миссияны арқалаған бірлестік жұмысына, ағартушылық бағытындағы іс-шараларына тоқталды.
Семинарға арнайы қатысқан Сараптама кеңесінің мүшесі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі, Ауғанстандағы соғыс қимылдарының ардагері Қазақпай Ертышпаев өмір белесінен сыр шертіп, қандай жағдайда болмасын отбасына көңіл бөлу басты орында тұру керектігін айтты. Тағлымды кездесуден әскери қызметті – абыройлы міндет санаған жандар өмірдегі басты құндылық – отбасы екендігін түйсінді. «Не ексең, соны орасың» дегендей, дәл қазір егілген дән ертең жақсы жеміс болып өсуіне ықпал жасау керектігін ұғынды.