#Алматы
МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЛАРЫ ТЕРБЕГЕН КЕШ

Жыл сайын 9-ақпан – ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың  туған күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде ешқандай тапсырмасыз, ешқандай қаулысыз-ақ Мұқағали музасын дәріптейтін рухани шаралар, әдеби-сазды кештер мен кездесулер ұйымдастырылып келеді.  Бұл алақандай ғана  Қарасаздан қанат қағып, қара өлеңді көкке көтерген қалам иесінің қашанда қазағымен бірге тыныстап, әр жүрекке өз Мұқағалиы болып орныққанын аңғартса керек. сондай кештің бір парасы -   «Мұқағали – мәңгілік жыр» деп аталатын дәстүрлі жыр кеші биыл да ҚызПҰУ-дің  Филология институтының ұйымдастырумен дүркіреп өтті. Қара өлеңді тағы бір мәрте төрге шығарған  рухани кешке ақынның ұлы  Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдаровамен бірге Бірлестіктің Алматы филиалының ұжымы мен бірлестіктің жанашыры, сараптама кеңесінің мүшесі Камнұр Тәлімұлы  құрметті қонақ болып қатысып, ақын шығармашылығы мен талайлы тағдыры туралы  естеліктерімен бөлісті. Камнұр Тәлімұлы  ұлттық тамырдан нәр алып, қазақы табиғатпен сусындаған Мұқаңның жырлары - нағыз тәрбие екенін жеткізіп, әр жыры жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейтінін айтты. Әдеби-сазды кешті студенттер ақынның отты жырларымен әрлеп, лирикалық әндерімен тербеп отырды. Ақынның өмірін қамтитын сахналық қойылым да көрермендерді бір серпілтіп тастады. Ақиық ақынның даңқы замандардан озып,  жырлары жүзжылдықтармен бірге жасайтыны тағы бір мәрте дәлелденді. Жыр сүйер қауым  ақынның поэзиясы арқылы өзімен сырласқандай ұмытылмас әсермен тарқасты.

10.02.2023
#Алматы
МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЛАРЫ ТЕРБЕГЕН КЕШ