«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Семей қаласындағы филиалында ата-аналардың тәрбие процессіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында «Ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі» атты дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында филиал басшысы Аман Рахметуллин қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен мысалдар келтіре отырып, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершлігі туралы ой бөлісті. Ата-аналарды тәрбие процессінде белсенді болуға шақырды.
Бірлестіктің ақылдастар алқасының төрағасы, Әлихан Бөкейхан Университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры Айрат Базенов бала тәрбиесіне қатысты шет мемлекеттердің кейбір озық үлгілеріне тоқталып, мұндай үлгілердің дәстүрлі қазақ мәдениетінің негізінде жатқандығын қатысушыларға жеткізді.
Қалалық №17 мектепте «Аналар Кеңесін» құрған ұстаз Жаңыл Абжанова «Өскелең ұрпақты келешек өмірге бейімдеу және бала тәрбиесіндегі жауапкершілік» тақырыбында қала көлемінде және Бесқарағай, Бородулиха аудандарда тренинг өткізуге мектеп ұжымының дайын екенін айтты. Сонымен бірге, қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Лунара Өтеуова келешек ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеуде ата-ана жауапкершілігі қай уақытта да өте өзекті екенін және бүгінгідей қоғам күрт өзгерістерге толы кезеңде бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керек екендігін атап өтті.
Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған дін маманы Мархаба Әділ мырза бала тәрбиелеудегі діни ұстанымдар, шариғат талаптары және оның ұрпақ тәрбиесіндегі ұтымды жақтары жөнінде мол мағлұматтарымен бөлісті.
Бұл шараға қатысқан отыздан астам ата-ана бала тәрбиесіне қатысты көкейіндегі шешімін таппай жүрген кейбір сұрақтарына жауап алып, ой бөлісіп, келесі өтетін шараларға қатысатындарын айтып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.