📞 +7 702 953 20 20 ✉ info@senimenbolashaq.kz 📍 Астана қ., Қонаев көш., 2 Көмек алу
10 Тамыз 2026

«Мәшһүр мұрасындағы философия және бүгінгі Біз»

«Мәшһүр мұрасындағы философия және бүгінгі Біз» Сыртқы жылтыр мен ішкі бостықтың арпалысы. Экзистенциялық дағдарыстан шығу жолы Менің оң қолымдағы смартфонға назар аударайық. Кішкентай ғана құрылғыға тұтас әлем сыйып тұр.

«Мәшһүр мұрасындағы философия және бүгінгі Біз»
Сыртқы жылтыр мен ішкі бостықтың арпалысы. Экзистенциялық дағдарыстан шығу жолы

Менің оң қолымдағы смартфонға назар аударайық. Кішкентай ғана құрылғыға тұтас әлем сыйып тұр. Мұнда мұхиттың арғы жағындағы Американың биржалық жаңалықтары да, SMM трендтері де, миллиондаған лайктар мен «табысты өмірдің» мінсіз суреттері де бар. ХХІ ғасыр бізге: «Бәрі сенің қолыңда, сен мықтысың. Тек брендіңді қалыптастырсаң, бақытты боласың», — деп тұрғандай.

Ал сол қолымда — қолжазба, кітап. Бір ғасыр бұрын Сарыарқаның төсінде жалғыз отырып, фәни мен бақидың, жан мен тәннің заңдылығын зерттеген Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасы.

Бүгінде бәріміз маңызды бір сұраққа жауап іздейміз: неге қолымызда бүкіл әлемді сыйдырған телефон болғанымен, бұрынғылар білмеген рухани жалғыздықты сезінеміз? Айналамызда «депрессиядамын» деген жастар, паникалық шабуылдар мен ішкі бостық белең алды. Осынау жаһандық заманның қай нүктесінде біз ішкі өзегімізден ажырап қалдық? Ендеше, Мәшһүр философиясына саяхат жасап көрейік.

Әлемдік философия тарихында адамның ішкі мазасыздығын зерттеген «экзистенциализм» деген ағым бар. Оның негізін қалаушылардың бірі — Дания ойшылы Сёрен Кьеркегор. Ол адам өмірін үш сатыға бөлген. Біріншісі — эстетикалық саты: адам тек сыртқы сұлулықты, жылтырды, уақытша ләззатты қуады. Ол үшін өмір — ойын-сауық. Бірақ Кьеркегор бұл сатыда ұзақ қалған адам ерте ме, кеш пе терең дағдарысқа ұшырайтынын айтады. Себебі оның жаны аш қалады.

Ал Мәшһүр Кьеркегордың еңбектерін оқыған жоқ, мүлде бөлек мәдени ортада өмір сүрді. Бірақ өзінің әйгілі «Жан мен Тән айтысында» дәл осы рухани дағдарыс жайлы баяндайды.

Тән айтады: «Мені киіндір, маған қымбат тамақ бер, мені сәнде». Бүгінгі тұтынушы қоғам мен әлеуметтік желідегі өміріміз — сол тәннің талабына ұқсайды.

Жан болса: «Тәннің қалауын орындап, семірттің. Мені аш қалдырдың. Маған терең білім, таза ар-ождан, тыныштық керек», — дейді.

Мәшһүрдің ойынша, тәннің соңынан ғана ерген адам өзінің адамдық болмысынан алыстайды. Бүгінгі басты қателігіміз де осында: тәннің қалауын орындау жолында жанның үнін өшіріп алдық.

Француздың ұлы ойшылы, Нобель сыйлығының лауреаты Анри Бергсон уақытты екіге бөледі. Біріншісі — сағатпен өлшенетін, баршамызға ортақ механикалық уақыт. Ол суық әрі сезімсіз. Екіншісі — «durée», яғни адамның ішкі уақыты.

Мысалы, өзіңізге ұнамайтын іспен айналысқанда бес минут бес сағаттай сезіледі. Ал керемет кітап оқып немесе сүйікті ісіңізбен айналысқанда бес сағаттың өзі қас-қағым сәтте өтіп кетеді. Бергсонның пікірінше, адам шынайы өмірді дәл осы ішкі уақытта сезінеді.

Мәшһүр де уақыттың қадірін түсінуге үндейді: «Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын бес күндік пәниде адам уақыттың қадірін білмесе — ақылсыз». Ендеше, біздің уақытымыз қайда кетіп жатыр?

Шамамен төрт-бес сағатымыз әлеуметтік желіге жұмсалады. Сол жерде кейде санамыз да шаршап, назарымыз бөлшектенеді. Біз механикалық уақыттың құлына айналып барамыз, ал ішкі рухани уақытымыз бос қалып жатыр.

Мәшһүрдің уақыт жайлы философиясы бізді тоқтауға, айналаға байыппен қарауға, шуды өшіріп, мәңгілік уақытты сезінуге үндейді.

Ел арасында Мәшһүрді әулие, көріпкел деп атап кеткен. Өзінің қашан дүние салатынын біліп, өз қабірін дайындап, жаназасын шығарғаны туралы деректер айтылады. Қазақ даласында болатын ашаршылық нәубетін, қуғын-сүргін жылдарын болжаған деген әңгімелер де бар.

Заманауи адам мұны «мистика» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ Анри Бергсонның интуиция теориясы бұл құбылысты философиялық тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік береді. Оның пайымынша, ақыл заттарды талдау үшін қажет, ал интуиция ақиқатты бөлшектемей, тұтас күйінде сезінуге мүмкіндік береді.

Мәшһүр — жүрегін нәпсі мен өсек-аяңнан таза ұстау арқылы «көкірек көзін» ашуға ұмтылған тұлға. Оның көрегендігі туралы әңгімелерді осы рухани ізденіс тұрғысынан қарастыруға болады.

Яғни адам тек ақылға сүйеніп қана қоймай, жүрек үнін де тыңдауы қажет. Тек прагматикалық есепке сүйеніп шешім қабылдау, ішкі түйсікті елемеу адамды рухани тұйыққа тіреуі мүмкін.

Алдыңғы лекцияларда Обломов синдромы жайлы айттық. Оның жаны сол дивандағы жайлылық тұзағында тұйықталды.

Ал Мәшһүр өмірінің соңғы жылдарын өзі салдырған кесенеде, оңаша жағдайда өткізді. Ол сыртқы дүниеден мүлде қол үзген жоқ. Керісінше, қараңғы бөлмеде шам жарығымен шежіре, жыр, аңыз, философиялық ойларын қағазға түсіріп, ұлттың мәдени кодына қызмет етті.

Бүгінгі «успешный успех» заманы кейде бізге: «Жайлы жерде отыр, аз күш жұмсап көп пайда тап, тек рахаттан», — деген ойды ұсынады.

Ал Мәшһүр мұрасы бізге жайлылықты мақсат емес, рухани дамуға кедергі келтірмейтін құрал ретінде қарауды үйретеді. Ол адамды ұлты мен қоғамы үшін әрекет етуге, өзін рухани тұрғыдан тазартуға шақырады.

Таңдау тағы да өзімізде.

Алдыңғы бір лекциямызда Фибоначчи заңдылығы жайлы да айтқанбыз. Кез келген сұлулық ішкі және сыртқы өлшемдердің тепе-теңдігінен тұрады. Мәшһүр мұрасы да сондай бір алтын пропорция іспетті: ол сыртқы жетістікке емес, ең алдымен ішкі тереңдікке басымдық береді.

Сондықтан Мәшһүр философиясы бүгінгі адамға бір маңызды сұрақ қояды: біз сыртқы әлемді бағындыруға қанша күш жұмсасақ, өз ішкі әлемімізді тануға сонша уақыт бөліп жүрміз бе?

Бәлкім, бүгінгі экзистенциялық дағдарыстан шығудың бір жолы — технологиядан бас тарту емес, технологияның ішінде өз болмысымызды жоғалтпау. Сыртқы жылтыр мен ішкі тереңдіктің тепе-теңдігін табу. Мәшһүр мұрасының бүгінгі Бізге берер сабағы да осында.