📞 +7 702 953 20 20 ✉ info@senimenbolashaq.kz 📍 Астана қ., Қонаев көш., 2 Көмек алу
10 Тамыз 2026

Тарихи сана

Мына суретте біздің өткеніміз бен бүгініміз қатар өріліп тұр. Біз тарих жайлы көп айтамыз. Бабаларымызбен мақтанамыз. Өткеннің қасіретіне қайғырамыз. 31 мамырда, 16 желтоқсанда қайғылы посттарымызды жариялаймыз.

Француздың әйгілі философы Жан-Поль Сартр: «Адам тек өзі үшін емес, адамзат үшін жауапты» деген. Егер өткеннің сабағын өз азаматтық жауапкершілігімізге айналдыра алмасақ, тарихымыз тек құрғақ ақпарат пен статистика болып қалады. Бүгін біз сол тарих пен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпір — тарихи сананы іздейміз.

Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романында адамзат тарихындағы ең қорқынышты бейнелердің бірі — мәңгүрт сипатталады. Жаулары тұтқынның басын қырып, оған жас түйенің терісін кигізіп, ыстық күн астына тастайтын. Тері кепкен сайын адамның басын қысып, оның есте сақтау қабілетін толық жоятын. Мәңгүрт кім екенін, қайдан келгенін, анасының кім екенін ұмытады. Ол тек қожайынның бұйрығын орындайтын тілсіз құралға айналады. Тіпті өзін іздеп келген өз анасына оқ атудан тайынбайды. Бұл — ұлттық сананың жойылуының метафорасы.

Психоаналитик Карл Юнг әрбір ұлттың «ұжымдық бейсаналық жады» болатынын айтқан. Бұл жад біздің тілімізде, салт-дәстүрімізде, ата-бабаларымыз бастан кешкен трагедиялар мен жеңістердің тарихи жадында жатыр. Егер біз бұл жадты өшіріп алсақ, заманауи, сәнді киінген, қолында соңғы үлгідегі телефоны бар, бірақ өз ұлтының мүддесіне қарсы әрекет ететін «цифрлық мәңгүрттерге» айналуымыз мүмкін. Тарихи сана бізге ана тілімізді, ата-бабамызды, өз топырағымыздың қадірін тану үшін керек.

Біздің тарихымыздың ең қанды, ең ауыр парағы — ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, Алаш арыстарын қырып-жою.

Осыдан жүз жыл бұрын өмір сүрген Алаш зиялылары кімдер еді? Олар өз заманының ең білімді, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан университеттерін үздік бітірген зиялы элитасы еді. Олар өз жайлылығын, жеке мансабын ойлаған жоқ. Олардың бір ғана мақсаты болды — қазақты ояту, оған теңдік әперу, жерін сақтап қалу, заңға негізделген құқықтық мемлекет құру.

Міржақып Дулатұлы: «Көзді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп ұрандатты. Олар бұл сөзді тек айтып қана қойған жоқ, осы идея үшін өз өмірлерін құрбан етті.

Бабаларымыз бізге тәуелсіз мемлекетті аманат етіп қалдырды. Олар армандаған заңның үстемдігі, әділетті сот жүйесі, жемқорлықсыз қоғам құру — біздің бүгінгі азаматтық парызымыз емес пе? Егер біз заңсыздыққа көз жұма қарасақ, жемқорлықты қалыпты жағдай деп қабылдасақ, біз Алаш арыстарының төгілген қанын қорлағанымыз емей не? Тарихи сана — бұл азаматтық ұяттың оянуы.

Ашаршылық — қазақ даласындағы ең үлкен демографиялық және гуманитарлық апаттардың бірі. Филипп Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы мен күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан миллиондаған адам қырылды. Бұл — жай ғана табиғи жұт емес еді. Бұл — адам тағдырын есепке алмаған тоталитарлық және авторитарлық жүйенің қате шешімдерінің салдары.

Неміс философы Ганс Йонас «Жауапкершілік принципі» атты еңбегінде заманауи технологиялар мен саяси шешімдердің қаупі туралы айта келе, «Сенің бүгінгі әрекетің ертеңгі ұрпақтың өмір сүру мүмкіндігін жоймайтындай болуы керек» деген жаңа этикалық қағиданы ұсынды.

Ашаршылық сабағы бізге не үйретеді? Ол бізге билік шешімдерінің ашық болуын талап етуді, азаматтық бақылаудың маңыздылығын, кез келген авторитарлық қысымға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыруды үйретеді. Біз өткен күннің қасіретінен сабақ ала отырып, елімізде мұндай жағдайдың ешқашан қайталанбауына кепіл болатын мықты азаматтық қоғам құруға міндеттіміз.

1986 жылдың суық желтоқсаны. Студент жастар Алматының бас алаңына шықты. Оларды алаңға шығарған не еді? Оларға ешкім ақша төлеген жоқ, ешкім мәжбүрлеген жоқ. Оларды алаңға шығарған — ұлттық намыс пен әділетсіздікке деген ыза еді. Мәскеудегі орталық қазақ халқының пікірімен санаспай, сырттан басшы тағайындағанда, жастардың ішкі азаматтық позициясы бас көтерді. Олар қызыл империяның мұздай қаруланған әскерінен қорыққан жоқ. Олардың азаматтық батылдығы КСРО деп аталатын алыптың іргетасын шайқалтты.

Енді бүгінгі күнге оралайық. Біз бүгін Тәуелсіз елде тұрамыз. Бізге мұздай су шашатын әскери машиналардың алдына барудың қажеті жоқ. Бірақ біздің бүгінгі азаматтық белсенділігіміз қандай? Біз өз құқығымызды қорғай аламыз ба? Сайлауға барып, өз дауысымызды береміз бе? Әлде «бәрібір бәрін шешіп қойған, менің дауысым ештеңе шешпейді» деп диванда жата береміз бе? Желтоқсандықтар бізге өз құқығың мен намысың үшін күресудің ең биік үлгісін көрсетті. Олардың аманаты — біздің енжар болмауымызда.

Бүгін тарихтың бірнеше күрделі белестерін араладық.

Мәңгүрт болмаудың жолы — ұлттық жадты сақтау. Алаш аманатына адал болудың жолы — заңды құрметтеу және әділеттілік үшін күресу. Ашаршылықтан алар сабағымыз — мемлекеттің әрбір шешіміне жауапкершілікпен қарау. Желтоқсаннан үйренеріміз — азаматтық белсенділік пен қайсарлық.

«Біздің тарихымыз қиын болды, бізді көп қырып кетті, бізге қиянат жасады», — деп жиі айтамыз. Иә, солай болды. Бірақ ендігі тарихты біз жазамыз!

Елу жылдан кейін біздің ұрпақтарымыз біз туралы не айтады? «Оларға дайын тәуелсіз мемлекет бұйырды, бірақ олар оны сақтай алмады, жемқорлыққа батырды, енжар болды» дей ме? Әлде «Олар өткен күннің сабағын жақсы меңгеріп, бізге әділетті, мықты, гүлденген мемлекет қалдырды» дей ме?

Таңдау өзімізде. Бүгіннен бастап өз құқығымызды білейік, тарихты терең оқиық, азаматтық жауапкершіліктен қашпайық. Сонда ғана біздің елдің болашағы жарқын болады.