Санаға тамызық тастау!
Бүгінгі басты миссия – Абай философиясы арқылы әрқайсымыздың санамызға ойлану үшін кішкентай тамызық тастау.
Өйткені тамызық түспеген жерде от жанбайды. Қараңызшы, біз – адамзат тарихындағы ең байланысы көп, ең ақпараттандырылған буынбыз. Қалтамызға бүкіл әлемнің білімі сыйып тұр, әлеуметтік желіде жүздеген «досымыз» бар. Бірақ неге біз бұрын-соңды болмаған ішкі бостық пен эмоционалды жалғыздықтан зардап шегіп отырмыз? Неге ақпарат көп, ал қарапайым адами эмпатия мен азаматтық жауапкершілік тапшы?
Өйткені біз дайын шешімдерді тұтынушыға айналдық та, ішкі терең пайымды жоғалттық. Абай бізге дайын рецепт бермейді, ол біздің өзіндік санамызды ояту үшін ой-тамызық тастайды.
Бүгінгі таңда социологияда «көзге ұрып тұрған тұтыну» деген ұғым бар. Мыңдаған адамдар тек «лайк» үшін, сыртқы жылтыр мен жасанды статус үшін өмір сүруде. Абай бұған осыдан 150 жыл бұрын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде жауап берген.
Абай үшін сыртқы мақтан – мал, шен, статус – ештеңеге тұрмайтын жасанды капитал. Ал шынайы капитал – бұл ішкі білім, ар-ұждан және кез келген фейк пен манипуляциядан қорғайтын когнитивті және моральдық суверенитет.
Азаматтық сана дегеніміз – киген киіміңмен немесе таққан сағатыңнан бұрын, қоғамға қосқан ішкі интеллектуалды және моральдық үлесіңмен өлшенеді.
Бірлестігіміздің іргелі өнімдерінің бірі – көрнекті ғалым, профессор Серік Негимовтың «Абай ғибратнамасы» еңбегі. Бұл еңбектің басты философиясы – «Ақылдының жолы бір» деген қағидаға негізделген. Біз Абайды тек ұлттық шеңберде қалдырмаймыз, Абай айтқан ақиқатты әлемдік данышпандардың ойымен шендестіріп, Абай әлемін әлемдік ой-санамен теңестіреміз.
Кітап төрт іргелі бағаннан тұрады:
«Мінез – сауыт» – Марк Аврелийдің стоицизмі сияқты, бүгінгі ақпараттық шу мен сананы улайтын ақпараттан ішкі дүниеңді қорғайтын моральдық сауыт.
«Сөз келісі» – Аристотель риторикасы сияқты, сөздің жауапкершілігі. Бүгінгі заманның тілімен айтсақ – медиа-сауаттылық пен ақпараттық гигиена.
«Ар ойла» – Иммануил Канттың моральдық заңымен үндесетін, кез келген білімнің негізі болуы тиіс адамдық АР компасы.
«Шын ақыл» – Сократ пен Декарттың рационализмі сияқты, қулық пен алаяқтықтан арылған, ақиқатқа ұмтылатын заманауи критикалық ойлау.
Біз бүгін денеге детокс жасаймыз, гаджеттерді вирустан тазалаймыз. Ал Абай айтқан «Жүректің кірі» деген не?
Жүректің кірі – іштарлық, қызғаныш, мақтаншақтық, хейт пен эгоизм. Бұл – заманауи психологиядағы ментальды блоктар мен когнитивті бұрмалаулар.
Абайда: «Жүректің кірін қашырса, адамның хикмет көкірегі...» деген ой бар.
Сен жүрегіңді кірден, яғни негативтен тазартпайынша – саған «Хикмет», яғни терең данышпандық, шынайы білім мен «Жүректің көзі» ашылмайды.
Қараңызшы, жасанды интеллект ғасырында роботтар бізден жылдам ойлайды. Бірақ роботта не жоқ? Роботта «Жүректің көзі» жоқ. Жүректің көзі – бұл эмпатия, моральдық компас, өзгенің ауырсынуын сезіне білу. Серік Негимов ағамыз айтқан «Ар ойла» мен «Шын ақыл» – дәл осы жүректің кірін қашырып, жүректің көзін ашқанда ғана пайда болады!
Біз жиі «self-development», «time management», «critical thinking» деп Батыс терминдерін айтамыз. Ал Абай осының бәрін 10-ақ сөзге сыйғызған.
Абайдың «Бес дұшпаны» – бұл бүгінгі цифрлық заманның когнитивті деструкторлары:
Өсек пен өтірік – кибербуллинг, токсиктік орта, фейк-ньюс және жасанды тұлға болу.
Бекер мал шашпақ – қаржылық сауатсыздық пен тұтынушылық дерт.
Еріншек пен мақтаншақ – цифрлық прокрастинация (doomscrolling) мен нарциссизм. Бұлардан арылу – ментальды гигиена сақтау.
Ал Абайдың «Бес асыл ісі» – бұл ХХІ ғасырдың ең басты Soft skills-дері:
Талап – Goal setting, яғни мақсат қою.
Еңбек – дисциплина мен Deep Work, яғни терең еңбек.
Терең ой – Critical thinking, яғни критикалық ойлау.
Қанағат пен Рақым – эмоционалды баланс пен эмпатия (EQ). Бұл – заманауи, бәсекеге қабілетті «Толық Адам» болудың дайын алгоритмі.
Достар! Абайды ұлықтау – оның мүсініне гүл қою немесе өлеңдерін жатқа айтып, емтихан тапсыру емес.
Абайды ұлықтау – оның «Ғылым таппай мақтанба» деген талабын өзіміздің күнделікті өмірлік ұстанымымызға айналдыру.
Егер біз бәсекеге қабілетті, еркін, жемқорлықсыз, әділетті Қазақстанды құрғымыз келсе – бізге жаңа технологиялармен қатар Абайдың моральдық суверенитеті керек.
Абай айтқан «Толық адам» болу – бұл періште болу емес. Ол – күн сайын ақылға сүйеніп, жүректің кірін қашырып, жүректің көзімен сезініп, қайратпен іс жасау.
Санамыздағы ой-тамызық өшпесін. Абайды жаттамайық, Абайша ойлайық!