Бүгінгі қазақ қоғамының басты мақсаты - өмірдің барлық саласында белсенді, адамгершілік тұрғыдан қабілетті, ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Ол үшін бала тәрбиесімен айналысатын отбасы, мектеп және қоғамның тәрбие ісі кіріктіріліп жүзеге асуы тиіс. Мектепке отбасы тарапынан қолдау қажет. Педагогтар мен ата аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуге болады. Осы өзекті мәселені талқылап, шешімін табу мақсатында бірлестіктің Алматы филиалы Түрксіб ауданына қарайтын №76 мектепте ата-аналарға семинар өткізді. «Тәрбие тетігі – табысты үштік» деп аталатын іс-шарада бірлестіктің ұстанған бағыты айтылып, мақсат-міндеті таныстырылды. Бала тәрбиесіндегі үштік өзара жарасымдылық тапқанда ғана оң нәтиже беретіндігі түсіндірілді. Мектепте мұғалімдер баланы білімге баулыса, үйде ата-ана бойына құндылық сіңіретіндігі, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса ол тәрбиені бала басқадан алатындығы жан-жақты айтылды. Бүгінгі балаларды тәрбиелеуде талап пен талғамның ерекше болуы шарт екендігін ұғынған ата-аналар сұрақтарын қойып, оң пікірлерін білдіріп, бірлестік жұмысына сәттілік тіледі. Мектеп оқушыларының әнімен әрленген семинар соңында мектеп директоры Салтанат Болғанқызы бала тәрбиесі үшін бірлесе әрекет етіп, нақты іске көшетін уақыттың жеткенін алға тартып, сол жолда жемісті еңбек етіп жүрген бірлестік өкілдеріне алғысын айтып, сәттілік тіледі.