#Қызылорда
АЙМАҚТАҒЫ КОЛЛЕДЖ ПСИХОЛОГТАРЫ ОҚЫТУДАН ӨТТІ

«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының психологтарына арналған семинар өтті.

Семинар барысында сала мамандарына репродуктивті сауаттылық, жыныстық тәрбие, жас ерекшелік психологиясы, сексуалды қауіпсіздік тақырыптарында білім берілді.

Репродуктивті сауаттылық дегеніміз не? Балада дұрыс репродуктивті денсаулықты қалыптастыру. Бұл туралы ақпарат балаға қалай берілуі тиіс, жыныстық тәрбиенің маңызы мен дұрыс концепция беру жолдары түсіндірілді.

Баланың жас ерекшелігіне байланысты жыныстық тәрбие берудің маңызы зор. Мамандардың айтуынша, 0-3 жас аралығындағы сәбиге жеке шекераны түсіндіріп, өзі жуыну, жыныс мүшелерін тану  дағдыларын қалыптастыру қажет. Бала 6 жасқа дейін «іш киім» ережесі мен жеке гигиенаны білу керек. Ал 7-18 жас аралығындағы балаларға бөтен адамдар, сенімді адамдар, сенімділік коды, интимдік шекара, жыныстық жетілу кезеңінің ерекшеліктері, ұлдар мен қыздарға жеке жыныстық қатынас туралы түсіндіру, жеткіншектер арасындағы қарым-қатынас жөнінде ақпарат берілгені жөн.

Сонымен қатар ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізуге  арналған құралдар мен әдістемелер мамандар назарына ұсынылды. Қатысушылар семинарға белсенді қатысып, әр тәжірибе сайын өздерінің пікірлерін ортаға салды. Семинар соңында филиал психологы Жұмакүл Тасболатқызы бірлестік жайлы ақпарат беріп өтіп, бала тәрбиесі төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

.

19.10.2023
#Қызылорда
АЙМАҚТАҒЫ КОЛЛЕДЖ ПСИХОЛОГТАРЫ ОҚЫТУДАН ӨТТІ