#Сұхбат
АЛТЫНАЙ ҚАНАТҚЫЗЫ: ҰМЫТПАҢЫЗ, СІЗ - АТА-АНАСЫЗ

Бүгінде бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Оны, әсіресе, семинар-тренингтерде байқап, көзіміз жетіп жатады. Қымбатты оқырмандар, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмауымыз керек.

Балаңыз сіздің айтқаныңызды тыңдамайды және оғаш мінез-құлық көрсетіп жүр ме? Оған не себеп? Ата-ананың бала тәрбиесінде жіберетін қателіктері қандай? Қазіргі уақытта жасөспірімдер психолог мамандарына қандай сұрақтармен жиі барады? Балаларды күйзелткен мәселелерді шешу жолы қандай?

Бұл сұрақтарға маман жауабын алу үшін Павлодар педагогикалық университеті Жоғары педагогика мектебінің ғылым және интернационалдандыру бойынша вице-деканы Алтынай Қанатқызы Мұрзатаевамен сұхбаттасқан едік.

  – Алтынай Қанатқызы, сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда ата-аналарды бала тәрбиесінде қандай проблемалар мазалайды?

– Ата-аналар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – балаға сөзін өткізе алмауы немесе оған әсер ете алмауы. «Балам тыңдамайды, сөзім өтпейді, жиі ашуланады, агрессивті» деген шағымдарды көп естіп жатамыз. Көпшілік ата-ана баланы ұрсу, ұру, жазалау арқылы тәрбиелеуге тырысады. Тәрбиенің бұл түрі уақыт өте келе ата-ананың балаға әсер ете алмауына әкеп соғады. Яғни, бала ата-анасын естімейтін хәлге жетеді. Баланы ұрып-соғу арқылы емес, ақылмен тәрбиелеген дұрыс. 

Сонымен бірге, баланың агрессивті мінез-құлқы жайлы да өте жиі сұрақ қойылады. Агрессивті жағдай ашу, ызалану, жеккөрушілік сияқты эмоциялар арқылы көрініс табады. Бала бойындағы бұл мінез-құлық ата-ананың қорқынышын туғызады және оның салдарынан екіжақты түсініспеушілік пайда болады.

Бала – ата-ананың айнасы. Олар ең алдымен ата-анасынан үлгі алады. Сондықтан бірінші кезекте бала өсіп жатқан отбасы мүшелерінің өзі агрессивті мінез-құлыққа бейім болуы мүмкін. Ал ата-аналар бізге келіп, «менің балам неге агресивті?» деп сұрақ қояды. Ең алдымен ата-ана өзіне үңілуі қажет. Егер ата-ана «менің балам өтірік айтады» деп шағымданса, демек сіз балаңызға жиі өтірік айтасыз. Мәселен, «демалыста мұз айдынына сырғанауға барамыз» деп уәде бердіңіз. Бірақ баруға уақытыңыз болмады және оған ескертуді ұмытып кеттіңіз. Мұның өзі – өтірік. Бала бұл жағдайды «өтірік» деп қабылдайды. Кейін ол да өтірік айта бастайды. Сондықтан, мінез-құлық моделі отбасында қалыптасатынын ескеруіміз қажет.

– Ал өз кезегінде бала ата-анамен түсінбеушілікті қалай қабылдайды? Жас жеткіншектерді не ойландырады?

– Балалар, керісінше «ата-анам мені түсінбейді, бағаламайды, менімен санаспайды, менің ойым маңызды емес» деген шағымдармен келеді. Балаға ата-ананың мейірімі жетіспеген кезде, ол өзін қадірсіз, керексіз сезініп, бақытсызбын деп түсінеді. Жасыратыны жоқ, кей ата-аналар баланың еңбегіне немқұрайлы қарайды. Үй тірлігіне қатысты шаруаларға араластырмайды, олардың жан-жақты дамуына көңіл бөлмейді. Бір сөзбен айтқанда, балаға сенбейді.

Екінші мәселе баланың құрдастарымен араласуда туындайтын қиындықтар нәтижесінде орын алады. Сыныптастарымен қарым-қатынастағы қиындықтар, жақын жолдасының, досының болмауы немесе достарының одан ажырап кетуі – баланы барынша күйзелтеді. Сондықтан «неге мені мазақ қылады?», «мен неге осындаймын?», «мен неліктен құрдастарыммен дұрыс байланыс орната алмаймын?» деген сұрақтармен өзін іштей жеп, қысылу сезімі пайда болады, бала оқшаулана түседі.

– Алтынай Қанатқызы, ата-ана, қатарластар тарапынан балаға әсер ететін факторларды түсіндік. Ал сыртқы ортада жеткіншектерге әсер ететін басқа күш бар ма?

– Бар. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ЛГБТ (лесбияндар, гомосексуалдар, бисексуалдар, трансгендерлер) жастары топ құрып, өзара фейк аккаунтпен танысып жатады. Міне олар жасөспірімдерге қатты қолдау көрсетеді. Неге балаларға қолдау білдіруде ата-ана емес, ЛГБТ басым түсіп жатады? Себебі, балаларды отбасында ешкім тындаймайды, бағаламайды. Ал жаңағы топтарда сөйлесе бастағанда, балалар бір-бірін түсініп, демеу береді. «Иә, сен дұрыс айтасың», «иә, мен сені тыңдап отырмын» деген сөздерді бала әке-шешесінен емес, сырттан естиді. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Осыдан кейін солардың сөздеріне еріп, жасөспірімдер он бір жастан бастап өз жынысын өзгерткісі келеді. Бұл – өте өзекті мәселе.

– Баланың өзіне зиян келтіруі ше? Бұл да ата-анамен қарым-қатынастың дұрыс еместігін көрсете ме?

Әрине. Ата-анасымен, ортасымен қарым-қатынаста қиындық туындағанда, кейбір балалар тіпті өзіне қол жұмсау жайлы ойлай бастайды. Өзін керексіз санап, өмір сүру үшін мақсат таппай қиналады. Кейде баланың бойынан аутоагрессия байқала бастайды. Аутоагрессия – баланың ашуланған кезде өз-өзіне зиян келтіруі. Бала жан-дүниесінің даму кезеңінде эмоция толқуларын саралап, қадағалай алмайды. Жасөспірім агрессия ретінде қабылдаған әрекетке есе қайтара алмайды. Сондықтан ашуын өзіне жұмсайды. Тырнау, тістеу секілді әрекеттер – агрессияны білдірудің ырықсыз әрекеті. Агрессияны ашық талқыға салып, білдіре алмағаннан, өзін кінәлі сезінгеннен бала осындай әрекеттер жасайды. Мұнан бөлек басын ұрып, өзін жазалап жатса, балаға дауыс көтерудің қажеті жоқ. Бұл әдетті жою үшін баламен сенімді қарым-қатынас орнату керек.

– Аталған мәселелерді шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз? Ата-аналар кінәні бірінші кезекте өздерінен іздеуі керек пе?

– Иә, біріншіден ата-ана өзінің әрекетіне талдау жасап, саралауы керек. Баланы ұрмас бұрын «неге мұндай жағдай орын алды?», «неге менің балам осындай болды?», «мен бала тәрбиесінде нені дұрыс істемедім?» деп ойлануы керек. Әр ата-ана баласын бауырына басып, өзіне тартып, сөйлесіп, тіл табысқанда бұл мәселелердің шешімі табылады. «Иә, мен сені тыңдап отырмын», «Сенің айтқаның да дұрыс шығар, бірақ осы мәселені бірге  қарастырсақ қайтеді» деп досы ретінде сөйлесу әлдеқайда дұрыс. Екіжақты түсінісу деген – осы. Өз балаңды түсініп, жеке тұлға ретінде сыйлау керек. Бұл, әсіресе,  жасөспірім шақтағы балалар үшін өте маңызды. 

– Ата-аналарға бала тәрбиесінде тағы қандай кеңес бересіз?

Дүниеге шыр етіп сәбидің келуі – кез келген ата-ана үшін үлкен қуаныш, әрі бақыт. Өйткені, отбасының базары да, байлығы да – бала. Біз баламызбен баймыз. Менің ата-аналарға айтқым келетіні – балаларыңызды бағалаңыздар. Еркін дамуына мүмкіндік беріңіздер. Балаларыңыздың әрқайсысымен жеке сөйлесіңіздер. Олардың әр сұрағын жауапсыз қалдырмаңыз. Бала өте сезімтал, байқағыш, сыншыл болып келеді. Олардың әңгімесін тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айтқан бала ішкі дүниесіндегі кез-келген нәрсені ақтарып бере алады. Бар жұмысыңызды қойып, балаңыздың іштен шыққан жан сырын естуге ұмтылыңыз. Уақытылы, әрі құнарлы тамақтандырумен ата-ана міндеті толық өтелмейді. Балалар үшін қарынның тоқтығынан көңілдің тоқтығы маңызды.

Балаңызға сеніңіздер, қолдау білдіріңіздер. «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деп, күш-жігер беріңіздер. Оның досы болыңыз, бірақ ата-ана екеніңізді де ұмытпаңыз. Қай кезеңде болмасын балаңызға қолдау қажет. Мәселен, балаңызда алғашқы сезім пайда болды ма? Бірден ұрысып, шектеу қоймай, кеңес беріңіз. Ұмытпаңыз, Сіз – ата-анасыз. Баланың ішкі жан дүниесіндегі барлық ойлары мен сезімдерін білуге міндеттісіз. Қандай да бір таңдау жасады ма, оны қабылдаңыз. Сол таңдаудың ішінен ең жақсысына тоқталуына көмектесіңіз.

– Ал жеткіншектерге не айтасыз?

– Бала нағыз балалық шақтың дәмін татып, өз кезеңінде бала болып өсуі керек. Ең алдымен, олар ата-анасына риза болуы қажет. Бізге келген жасөспірімдерге «ата-анамызға разы болайық» деп кеңес бергенімде, олар «не үшін?», «ата-анам әрдайым ұрсады, кінәлайды, түсінбейді» деп шағымданады.

Біз не үшін ата-анамызға алғыс айтамыз? Ең алдымен, бізге өмір сыйлағаны үшін. «Алғыс білдірудің тағы көптеген нұсқаларын тауып, ақтап алыңыз» деп бағдар беремін.

Кейін балалар қателерін түсініп, хабарласып, «мен түсіндім, менің ата-анама алғысым шексіз» деп айтып жатады. Жалпы, адам баласы айналасына риза болса, қоғаммен байланысы реттеледі деп санаймын.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

 

20.01.2022
#Сұхбат
АЛТЫНАЙ ҚАНАТҚЫЗЫ: ҰМЫТПАҢЫЗ, СІЗ - АТА-АНАСЫЗ