«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалы және Қызылорда облыстық білім басқармасы, Сырдария аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ кепілі» атты аудандық ата-аналар форумы болып өтті.
Форумға филиал басшысы Шәкизат Қаратайұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы және филиал психологы Жұмакүл Тасболатқызы қатысты.
Жиынды аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы жүргізіп отырды. Филиал басшысы Шәкизат Қаратайұлына сөз сөйлеп, қатысушыларға бірлестікті таныстыра отырып, орындалған нәтижелі жұмыстарға шолу жасап, миссия қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру екенін айтып өтті.
Сонымен қатар келешек үшін бірлескен нәтижелі жұмыстарды бірге атқаруды мақсат тұтқан екі тарап ресми түрде ынтымақтастық меморандумын бекітті.
Одан әрі филиал психологы Жұмакүл Тасболатқызы қатысушыларға тренинг өткізіп, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, бала психологиясы, психологиялық-педагогикалық дағдылар туралы ақпараттар беріді.
Қатысушылар тренингке белсенді қатысып отырды. Әр тәжірибе сайын өздерінің пікірлерін ортаға салып, балаларының бойында болып жатқан құбылыстар жайлы кеңестер сұрады. Әрбір қатысушы баламен қарым-қатынастың үлкен рөлге ие екенін, олармен әркез дұрыс байланыс орнату қажет екенін ұғынды.
Шара соңында ата-аналармен кері байланыс жүргізіліп, өзара пікір алмасылды.
